ОРАЗА ЖАЙЛЫ ҒИБРАТТЫ 2 ӘҢГІМЕ

Екі қыздың оразасы

Пайғамбарымыз ﷺ бір күні сахабаларына ораза ұстауды бұйырып, артынша былай деп қатаң ескерту жасады:

– Мен рұқсат етпейінше кешке ешкім ауыз ашпасын!

Елдің бәрі жаппай ауыз бекітіп, ораза ұстады. Кеш түскенде жеке-жеке келіп, ауыз ашуға рұқсат алып жатты. Дәл осы тұста бір кісі жақындап келіп:

– Уа, Расулаллаһ! Екі қызым күні бойы ораза ұстаған еді. Ұялғандықтан өздері келіп сізден рұқсат сұрай алмады. Рұқсат етсеңіз, оразаларын аяқтап, ауыздарын ашса жақсы болар еді, – деп өтініш білдірді.

Алайда рұқсат берілмеді.

Әлгі кісі тағы екі рет келіп рұқсат сұрады. Үшінші рет келгенде пайғамбарымыз:

– Өкініштісі, олар бүгін ораза ұстаған жоқ.. Күні бойы «кісі етін жеген» (әркімнің сыртынан өсек айтып, ғайбаттаған) адам қайтіп ораза ұстасын?! Бар да оларға айт: егер ниет етіп ораза ұстағандары рас болса, дереу құсып тастасын, – деді.

Әлгі кісі айтылғандарды қыздарына айна-қатесіз жеткізді. Олар бұйрықты орындап, өздерін күштегенде кесек-кесек қан құсып жіберді. Әлгі кісі келіп бұл жайды пайғамбарымызға білдіргенде, ол:

– Құдіреті күшті Алла Тағалаға ант етейін, егер олар әлгі ұйыған қанды құсып тастамағанда, тозақта күйдіретін от асаған болар еді, – деді.

Иә, тек тамаққа ғана емес, тілге де, көзге де, аяққа да, қолға да ораза болса, сонда ғана ол нағыз ораза болмақ.

Ораза неге бұзылды?

Әулие құлдардың оразасы астан тыйылумен ғана шектелмеген. Олар ауыз бекіткенде бойды барлық жаман қылықтардан аулақ ұстап, рухани тазалыққа көп көңіл бөлген. Жаратушы иенің разылығын мақсат тұтқандықтан, жыл он екі айдың барлығын Рамазан айындай құрметтеп, үнемі ораза ұстаған.

Ауыз бекіткен бір күні қасындағылар үндістанның патшасын сырттай өсекке таңды. Осы сәт Дыхләуи: «Қап, оразамды бұзып алғанымды қарашы» деп өкініш білдірді.

Әулиенің бұл тосын қылығына қасындағылар «Айтылған өсек оразаны бұзатынын меңзедіңіз бе, алайда өсекті сіз емес басқалар айтқан жоқ па?» деп таңырқағанда, ол

«Ғайбат – айтушыға да, тыңдаушыға да ортақ» деген хадиспен жауап берді.

Қабыл болмайтын амал

Сахабаларымен отырған бір күні Мұхаммед пайғамбарымыз ﷺ қиямет жайлы сөз қозғады. Толассыз айтылған әңгіменің бір ұшығы адамның бұл дүниеде жасаған амалдарына барып тірелді.

«Қиямет күні біршама адам Тахаманың үлкендігіндей сауап арқалап келеді. Бірақ олардың амалдарын Алла Тағала жоққа санайды».

Бұны естігенде бойын үрей билеген Сәлім Хұзафа: – Уа, Алланың құрметті елшісі, әке-шешем жолыңа құрбан болсын. Олардың қандай адамдар екенін айтпас па екенсіз? Аңдаусызда солардан бірі мен болып қалмайын деп қатты қорқып тұрмын, – деді.

Сонда пайғамбарымыз ﷺ оған: – Әй, Сәлім, олар ел қатарлы ораза ұстайды, намаз да оқиды. Алайда харамға тап келгенде, Жаратушыдан қорықпайды. Міне, Алла Тағала осындайлардың амалын қабылдамайды, – деді.

https://www.muftyat.kz