БАЙЛЫҚ ПЕН БЕРЕКЕНІ КӨБЕЙТУДІҢ 10 ТӘСІЛІ

1)    ИМАН

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Егер де ол мекендердің тұрғындары иманға келіп, тақуалық еткендерінде (Алланың жазасынан қорқып, сақтанғандарында) онда Біз оларға аспаннан да, жерден де береке есіктерін ашып қоятын едік», — деген. («Аъраф» сүресі, 96-аят)

2)    ҚҰДАЙДАН ҚОРҚУ (тақуалық)

Кім Алладан (Оның тыйғандарынан) қорқып, сақтанса, Ол оған бір шығатын жол пайда қылады. Әрі оны ойламаған жерден ризықтандырады. («Талақ» сүресі, 2,3-аяттар)

3)    АЛЛАДАН КЕШІРІМ СҰРАУ (истиғфар)

Бұған Құрандағы Нұх пайғамбардың (а.с) cөзі дәлел: «Өздеріңнің Раббыңнан кешірім тілеңдер, өйткені Ол – Кешіруші (Ғаффар). Ол сендерге аспаннан мол жаңбыр жібереді. Сендерді мал-мүліктермен және перзенттермен қолдайды. Сендерге бау-бақшалар өсіріп және сендер үшін өзендер пайда қылады» («Нұх» сүресі, 10-12-аяттар)

 4) ШҮКІРЛІК

Себебі, Алла Құранда: «Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін», — деп уәде берген. («Ибраһим» сүресі, 7-аят)

4)    АЛЛА ЖОЛЫНДА ҚАРЖЫ ЖҰМСАУ, САДАҚА БЕРУ

Алла Тағала: «…Сендер не жұмсасаңдар да, Алла ол жұмсағандарыңның орнын қайта толтырады. Ол – ризық берушілердің ең қайырлысы», — деген. («Сәба» сүресі, 39-аят )

 6) ҮЙЛЕНУ (НЕКЕ)

Алла Құранда: «Әрі араларыңдағы некеге тұрмағандарды және құлдарың мен күңдеріңнің түзулерін үйлендіріңдер. Егер олар кедей болса, Алла оларды Өз кеңшілігімен байытады», — дейді. Қазақтың «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды», — дейтін мәтелі, міне, осы аятқа негізделсе керек.

7) АЛЛАҒА ҒАНА СЕНІМ, ҮМІТ АРТЫП, ОҒАН ҒАНА ТӘУЕКЕЛ ЕТУ

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер сендер Аллаға дұрыс тәуекел етсеңдер, Ол сендерді таңертең аш кетіп, кешке қарындары тойып қайтатын құстарды  ризықтандырғандай, ризықтандырар еді», — деген. (Тирмизи) Ал Құранда Алла Тағала: «…Кім Аллаға жүгініп, Оған ісін тапсырса (тәуекел етсе), Ол оған жеткілікті. Ақиқатында, Алла – ісін соңына жеткізуші…»(«Талақ» сүресі, 3-аят), — дейді.

8) ТУЫСТЫҚ ҚАТЫНАСТЫ САҚТАУ

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде кім ризығының кеңеюі мен өмірінің ұзаруын қаласа, ол туыстарымен қарым-қатынасын үзбесін», — деген. (Бұхари)

9) ҚАЖЫЛЫҚ ПЕН УМРА ЖАСАУ

Хадистердің бірінде: «Қажылық пен умраны көбейтіңдер, себебі, екеуі кедейлікті кетіреді және темірден татты кетіргендей күнәларды жояды» — делінген.

(Сахих әл-Жәми, 2901)

10)  ӘЛСІЗДЕРГЕ ҚОЛ ҰШЫН БЕРУ

Алла елшісі (ﷺ):  «Әлсіздерді іздеңдер, өйткені сендерге көмек пен ризық сол араларыңдағы әлсіздеріңнің арқасында беріледі», — деген. (Әбу Дәуд)

Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ):  “Сендерге әлсіздеріңнің арқасында жеңіс пен ризықтарың сыйланады емес пе? ” – дейді. (Бұхари)

https://asylarna.kz