Еркектің жыныстық міндеті

Ер адам жұбайын төсек қатынасынсыз қалдырмауы керек. Себебі, неке арқылы ерлі-зайыптылардың жыныстық қатынас ақылары да пайда болады. Сондықтан күйеуі жұбайының бұл құқына немқұрайлы қарамауы тиіс. Мына бір оқиға осы тұрғыдан үмбетке өте жақсы сабақ боларлық мәнге ие. Сахаба Абдуллаһ ибн Амр (р.а.) күн сайын ораза ұстап, түнін Құран оқумен өткізетін. Жұбайына көп жақындай бермейтін. Туыстарымен шүйіркелесуге уақыт бөлмейтін. Бір күні әйелі қайын атасына осыны айтып шағымданады. Абдулланың әкесі жағдайды Пайғамбарымызға білдіреді. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әлгі сахабасын шақырып алып: «Жұбайыңның сенде ақысы бар. Қонақтарыңның да ақысы бар, денеңнің де ақысы бар. Бұларды ұмыт қалдырма», – деп өсиет айтады. Әрине, түнді Құран оқумен өткізген жақсы. Бірақ адам баласы қарсы жыныстың да ақысын ұмытпай, оған да көңіл бөлуі керек. Күндіздері ораза ұстаған да жақсы. Бірақ үйге келетін қонақтар өздерімен бірге дастарханға отырып, шүйіркілескісі келуі мүмкін. Сондықтан парыз оразалардың тысында нәпіл ораза ұстаған кезде  үйге қонақ келетін болса, онда сол күнгі оразаны бұзып, қонақтармен бірге отырғаны дұрыс. Оның үстіне адам күніге ораза ұстайтын болса, әлсіреуі де мүмкін. Сондықтан Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осыны ескертіп, «Денеңнің де ақысы бар» деген.

Ислам құқығында ерлі-зайыптылардың арасында бір жыл бойы жыныстық қатынас болмаса және әйел осы себепті сотқа шағымданса, әйелдің тілегі бойынша сот олардың ажырасуына үкім шығарады делінген.

Шәмшат Әділбаева

https://muslim.kz