Дүниелік мақсатты көздеп садақа беруге бола ма?

Ассаламу алейкум! Қиыншылықтан құтылу, шипа тілеу немесе несібесі көп болу үшін садақа беруге бола ма? Садақамен несібелеріңді жаудырыңдар деген мағынадағы хадис дұрыс па?

Жауап

Уа алейкум ассалам!

Садақа берудің сырлары жайлы көптеген хадистер бар. Мәселен, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ризық-несібені садақа берумен (көктен) түсіріңдер[1]», – деген. Тағы бір хадисте: «Садақа берумен берекеге бөленіңдер. Анығында, пәле-сынақ садақамен бірге келмейді», – делінген.

Хадистерде садақа жасауға үндеп, оның мол сауабы мен пайдасын баян етеді. Ал, пайдасы тек ақыреттік сауаппен шектелмейді. Садақаның дүниелік те пайдасы бар. Садақа дерттен сауығуға, пәле-қиыншылықтарды қайтаруда және қайғының сейілуіне әсерін тигізеді.

Имам Мунауи «Науқас адамдарыңды садақа берумен емдеңдер[2]» деген хадис жайлы: «Дәрігерлік екі түрлі: тәнге және жанға қатысты. Пайғамбар (с.ғ.с.) әуелгісін жоғарыда атап, екіншісі науқасты садақа беру арқылы емдеуге үйретеді. Осылайша, қайғыға түскен, еңсесі құлаған адамдарға жәрдем берудің де садақа есепті екенін ескертуде. Мұны жүзеге асырған адамдар рухани шипаның дәрі-дәрмектердің дәрмені жетпеген нәрсені істейтіндігін көрді[3]», – дейді.

Демек, дүниелік мақсаттарды ниет етіп садақа берудің еш әбестігі жоқ. Дегенмен, мұсылманның садақа беру арқылы ақыреттік сауапқа кенелудің көздегені абзал.

https://muslim.kz