Тілмен кәлима айтпастан оқыған намазым қабыл болмай қала ма?

45-50 жаста намаз бастап, бірақ оған дейін 2 жыл бойы өзімді мұсылманмын деп санап келдім. Алайда тілмен кәлима-шахада айтпадым. Менің жасаған амалдарым қабыл бола ма? Оған сауап жазыла ма?

Матуриди мектебі бойынша құлшылық-ғибаттар иманның бір бөлігі болып табылмайды. Яғни, өзін мұсыман отбасында дүниеге келген және өзін мұсыманмын деп санаған барлық адам мұсылман болып табылады. Себебі, Матуриди мектебі бойынша иманның анықтамасы ретінде «иман – ол жүрекпен шынай сену (тасдиқ)» делінген. Демек, Аллаға шынайы сенген адам мұсылман болып саналып, иманның анықтамасына құлшылық-ғибадаттар кірмейді. Халық арасында намаз оқу, ораза ұстау сияқты құлшылық-ғибадаттар орындауды иманмен салыстыру деген қате бір түсінік қалыптасқан. Сондықтан, «пәленше намаз оқиды – мұсылман екен немесе пәленше намаз оқымайды – мұсылман емес екен» деген қате пікірді алып тастау керек. Иман мен құлшылық арасында тікелей байланыс жоқ. Құлшылық-ғибадаттар мен сауапты амалдар тек иманды толықтырушы һәм иманның нұрын арттырушы ғана болып табылады. Одан бөлек, мұсылман адам құлышылық-ғибадаттар орындау арқылы өзінің Алламен арасындағы мұсылмандық парызын өтеген болып табылады және сол арқылы сауапқа кенеледі.

«Кәлима-шәһада» (мұсылмандық куәлік сөзі) сөзіне тоқталар болсақ, жоғарыда айтып өткеніміздей Матуриди мектебі бойынша иманның анықтамасы «Алланың бар және бір екендігіне жүрекпен шынайы сену (тасдиқ)» болып табылады. Ал, мұсылмандық куәлік сөзі (кәлима-шәһада) айту иманның рукіні емес шарты болып саналады. Яғни, Матуриди мектебі бойынша адам шынайы түрде жүрегімен Алланың бар және бір екендігіне сену арқылы Алла тағаланың құзырында мұсылман болып саналады. Ал сол адамның мұсылмандық куәлік сөзін (кәлима-шәһада) айтуы ол адамға мұсылмандық қарым-қатынас орнатылу мақсатында һәм басқа адамдарға өзінің мұсылман екендігін көрсету үшін болады.

Сондықтан, жасаған амалдарыңыз иншаАлла қабыл болады. Дұрысын, Алла білуші.

Нұрлан МҰРАТ

Жамбыл облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің ұстазы 

ASYLDIN.KZ