Қыз бен жігіт болып жүруге бола ма?

Жауап: Дініміз некесіз қыз бен жігіттің (зәру жағдайсыз) бостан бос сөйлесуіне (жүруіне) тыйым салған. Харам нәрседен ешқандай қайыр, пайда болмайды. Күнә істеумен ораза бұзылмайды, бірақ оразаның сауабы азаяды.

Некесіз еркек пен әйел дін бойынша бір-біріне бөтен саналады. Бұл жөнінде хадис шәрифте былай делінеді:

«Ей әйелдер, тек қана махремдерің болған еркектермен сөйлесіңдер, махрем болмағандармен сөйлеспеңдер!» (Ибн Саид)

Үйлену мақсатымен қылует болмайтындай жерде кездесуіне, сөйлесуіне, хат (смс) алысуына, үйленетін уақыттарын келісіп алуына болады. Бірақ, жақын арада үйленетіндей жағдайы болмаған адамның қатты ғашық болып қалса да, жағдай болғанда осы қызға үйленем деген ниеті болса да, бөтен қызбен сөйлесуіне, кездесуіне, хат алысуына болмайды.

Құран кәрімде: «Зинаға жоламаңдар» деп бұйырылған. Бұл зинаға апаратын барлық іс-әрекеттерден аулақ болыңдар деген сөз.

Нәпіс бастапқыда жай ғана сөйлес дейді. Кейін кездес дейді, кейін қолынан ұста дейді. Соңы пәлекетке, зинаға апарады. Бұл жердегі «жоламаңдар» дегені, зинаға апаратын себептерден, әрекеттер мен істерден сақтаныңдар, бөтен әйелдерді ойламаңдар, олармен сөйлеспеңдер, хат жазбаңдар, олардың дауыстарын тыңдамаңдар, оларға қарамаңдар деген сөз. Бөтен әйелдерге қарау көзді әлсіретеді, жүректі қарайтады.

Төмендегі сілтемелер арқылы да кеңірек мәлімет ала аласыз:

«Флирт»

«Әдептілік – Ұяттылық – Ар тазалығы»

«Зинақорлық үлкен күнә»

islamdini.kz